Новости

  • Капиталдың сыртқа кетуіне жол берілмесін немесе бүйректен сирақ шығарғысы келетіндер нені көздейді?

    Көп елдердің тәжірибесі көрсеткендей, инвестициялық ахуалдың нашарлауы капиталдың офшорға жылжуына себепші болады. Бірақ біздегі салық мекемелері мен реттеу органдары бұған мән бермейтін сияқты.

     

    Теріс тәжірибе


    2015-2016 жылдары Түркия экономикасына инвестиция салатын халықаралық компаниялардың саны күрт азайды. Ыстамбұл өнеркәсіп палатасы жыл сайын «Түркияның 500 ірі өнеркәсіп компаниялары» деген есебін жариялайды. Онда 2016 жылдан бері шетелдік үлесі бар бизнестің азайып бара жатқаны айтылған. Бес жылдың ішінде олардың саны екі есе (!) қысқарыпты. Осы кезеңде, яғни 2016-2021 жылдары түрік экономикасына тікелей құйылған шетел инвестициясының мөлшері 30-35 пайызға кеміген.


    Бұл қалай? Экономикасы мығым, гүлденген ел емес пе? Капиталдың сыртқа кетуіне мемлекет шығынының көбейгені себеп болған. Әлеуметтік түйткілдерді шешіп, тұрмысы төмен тұрғындарға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан билік 2015-2016 жылдардан бастап үнемі ресурс іздеумен болды. Популистік саясаттың кесірінен салық саласындағы ахуал нашарлап кетті. Ол жайында тіпті болжам айтудың өзі қиын бола бастады. Бұл жақсы емес. Ойын ережесі қайта-қайта өзгерген соң, инвесторлар ертеңгі күнге сенбейді.


    Сөйтіп соңғы 5-7 жыл ішінде түрік үкіметі экономиканың іргелі секторларында салықты көбейтті. Инвесторлар дәл осы салаларда шоғырланған. Нысанаға алдымен туризм және ойын-сауық бизнесі, банк пен құрылыс саласы ілінді. Жұмыссыздық белең алғанда бұқараны демеуге бағытталған мұндай саясат инвесторларға жайсыз тиді. Капитал сыртқа ағыла бастады. Соның нәтижесінде салық түсімі азайды. Ел экономикасының тірегі саналатын туризм саласына да оңай тиген жоқ.


    Мұндай жағдайда кәсіпкерлер тығырықтан шығатын жол іздеуге мәжбүр. Оның тәсілі көп, әрине. Мәселен, Түркияда жұмыс істейтін компаниялардың қаржысы офшорға жіберіле бастады. Салықты мейлінше аз төлеу үшін бизнес неше түрлі айналма жолдарға түсіп, компаниясын офшорда тіркеуге көшті. Әйтсе де, кәсібін елінде-ақ жүргізе береді. Үкімет бұған тосқауыл қоюға тырысса да, нәтиже көңіл көншітерлік емес. Офшорда бизнестің құрылымын бөлшектеп, оны бүркемелеудің әдісі жетіп артылады. Қайбір кәсіпкер өз бизнесінің 10-20 пайызын өз еліндегі салық шеңберінде тіркейді де, қалған 80-90 пайызын офшорда ұстайды.


    Жалпы бұл жалғыз Түркияға тән жағдай емес. Капиталдың сыртқа әкетілумен бірқатар дамып жатқан мемлекеттер де бетпе-бет келді. Өйткені ондағы билік «әлеуметтік мемлекет» құруға әуестеніп, өз саясатында әлеуметтік шығынды көбейтіп тастаған. Сайлауда жеңіске жету үшін мұндай популистік ұранның, әлбетте, көмегі бар. Бірақ ол ұзаққа бармайды. Ел ішіндегі қаржы сыртқа кетсе, жағдай мүшкіл. Салық түсімі күрт кемиді, үкімет халыққа берген уәдесін орындай алмайды, осыдан келіп митингтен көз ашпайды. Қысқасы, мұндай саясаттың түпкі нәтижесі жақсы емес. Капиталдың сыртқа ағылуына тиісті деңгейде мән бермеу бизнестің мемлекетке деген сенімі, сөзсіз, азайтады. Инвестициялық тартымдылығы төмендейді. Бизнес үшін қолайсыз ахуалдың қалыптасуы айналып келгенде экономиканың дамуын тежейді. Шектен тыс салық салу қаржының сыртқа әкетілуіне әсер етеді. Бұдан кейін «салықты азайтамыз, іскерлік ахуалды жақсартамыз» деген уәдеге ешкім сенбейді.

     

    Оң тәжірибе


    Бұған қарама-қарсы үлгі де бар. Бизнес жүргізуге қолайлы, ең бастысы, барлық жағынан тұрақты елдердің тәжірибесі көрсеткендей, капиталдың сыртқа ағылуына тосқауыл қоюдың ең үздік тәсілі – кәсіпкерлік үшін жағдай жасау, оны жартастай мызғымас ету. Қандай өзгерту енгізілсе де, бизнес жүргізу мен салықты қозғамаған дұрыс. Осы тұрғыдан алып қарағанда, сарапшылар Қазақстанды жағымды мысал ретінде келтіреді. Отандық экономиканың инвестициялық тартымдылығы көп жылдан бері инвесторлар үшін қалыпты құбылысқа айналды. Бұл шетелдік капиталды молынан тартып, басымдық берілген салаларды жылдам дамытуға мүміндік береді. Елдегі қолайлы іскерлік ахуал «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманда экономиканы өркендетуге, ал дағдарыс кезінде де оны сүйемелдеуге септігін тигізеді. Әлемде экономикалық тұрақтылық шатқаяқтай бастағанда инвесторлар дауылды кезеңде аялдай тұратын орын іздейді. Міне, сол кезде таңдау Қазақстан сияқты тұрақтылығы мығым елдерге түседі. Соның нәтижесінде, біздің еліміз үшін жаһандық дағдарыс мүмкіндікке жол ашатын терезеге айналады. Басқа жақта жағдай нашарлағанда, бізде, керісінше, инвестиция құйылып жатады.


    Мұның бәрі, әрине, тамаша. Біздің инвестициялық тартымдылығымыз шын мәнінде мақтан тұтарлық. Алайда соңғы уақытта бізде де «тың» ереже ойлап тауып, жекелеген салаларда бұранданы қатайтқысы келетіндер шыға бастады. Олар мұндай ұмтылысын түсіндіргенде, негізінен ағымдағы әлеуметтік түйткілдерді шешуге әкеліп тірейді. Бірақ бізде әлеуметтік мәселе онсыз да шешімін тауып отыр емес пе? Ең бастысы, қазына қоржынының бүйірі тоқ. Ал әлгіндей экономиканың иісі мұрнына да бармайтын, сұлу сөзге әуес «жаңашылдар» бүйректен сирақ шығарғысы келеді.


    Қазіргі кезде олардың жойқын бастамаларының бағыты шолақ. Мұнай өндірісі, металлургия, машина жасау, мұнай-химия сияқты негізгі салаларға «модернизаторлардың» азуы батпайды. Алдағы кезеңде де бұл салалар салық және реттеуші салада тұрақтылық тірегі болып қала береді. Бірақ кейбір салаларда ондай сенім жоқ. Олар орасан табыс әкелмесе де, мол қаржыны шоғырландырып отыр. Елдің беделін арттыруға үлес қосады.


    «Реформаторлық» идеялар ойын-сауық, туристік, сондай-ақ ойын бизнесіне қатысты. Қазір осы салаларға түбегейлі өзгеріс әкелетін ұсыныстар айтылып жатыр. Қайталап айтайық, мұндай идеялардың авторлары – өздері реттегісі келетін саладан мүлде хабары жоқ адамдар. Мәселен, олар тіпті букмекерлік кеңсені дәстүрлі ойын индустриясынан (лото, казино, тотализатор және т.б.) да ажырата алмайды. Олар үшін бәрі де ойын бизнесі. Түрлі сала мен бизнесті араластырып, қойыртпақ жасау арқылы олар бәрін бір тәсілмен реттеуді ұсынады.


    Осы орайда айта кеткен жөн, букмекерлік бизнестен бюджетке түсетін табыс орасан. Ай сайын ондаған миллиард теңгеге жетеді. Әрі бұл салада отандық қана емес, ірі халықаралық инвесторлар да бар.


    Букмекерлер – бір ғана мысал. Ойын-сауық, туризм және демалыс саласы туралы да осыны айтуға болады. Мұнда да ірі инвесторлар жұмысын жүргізіп отыр. Оларға қолданыстағы нормалар, ережелер, тіпті жұмыс жағдайының титтей де болса бұзылуы жайсыз тиетіні анық. Букмекерлік кеңселер жуырда ғана Бурабай мен Қапшағай сияқты арнайы аймаққа көшу үшін қомақты сома жұмсады. Осы кезге дейін мекемелер алаңсыз жұмыс істеп тұрды. Бюджетті толтыруға үлесін қосты. Енді қайтадан бәрі өзгерейін деп жатыр ма? Инвесторлар мұндай тәжірибені қол шапалақтап қарсы ала қоймас. Айтпақшы, ойын-сауық, туризм және демалыс салалары туралы айтқанда, елімізде бұлардың даму әлеуеті зор екенін есепке алған жөн. Ең бастысы, бұл салалар мұнай немесе металдың әлемдік бағасына тәуелді емес.

    Бүлдіру оңай


    Инвестициялық ахуалға залалын келтіретін популистік тәжірибелер Түркиядағы сияқты туристік және ойын-сауық капиталының офшорға ойысуымен ғана қауіпті емес. Басты қатер – Қазақстанның инвесторлар үшін тұрақтылық аралы болмай қалатынында, елімізге деген сенімнің жоғалуында. Инвесторлар елден кете бастағанда, бүлінгенді қалпына келтіру оңай болмайды.


    Мұның тек жекелеген салаларға ғана емес, бүкіл отандық экономикаға соққы болып тиетінін түсінген жөн. Инвесторлар титтей өзгерісті қалт жібермей, жағдайды бақылап отырады. Олар мынадай заңды сауал қоюы мүмкін: егер бүгін бір салада ойын тәртібі өзгерсе, ертеңгі күні басқаларында өзгермейтініне кім кепіл? Ойын ережесінің тұрақты екеніне бір рет қана күмән келтірсе, ертеңгі күні ешкімге ештеңе дәлелдей алмайсың. Онда тәжірибе жасауға құмар популистердің кесірінен елдің беделі төмендеп, инвесторлардың капиталды әкетуіне түрткі болып жатса, бізге керек пе осы?


    Мәлімет көзі: https://jasqazaq.kz/kapitaldyn-syrtkha-ketuine-zhol-berilmesin-nemese-byjrekten-sirakh-shygargysy-keletinder-neni-kozdejdi/

    14.04.2022